Shelek Politechnical college
Мемлекет техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің дамуына, кәсіптік және техникалық мекемелерде оқытылатын кәсіптер мен мамандықтардың алуандануына аса көңіл аударып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында кәсіптік және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, экономиканың қажеттілігімен байланыстырылуы керек екендігін атап өтуде. Елбасының Қазақстан халқына жолдауынан (31.01.2017ж.) «баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы тиімді іске асырылуда.



Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында «Шелек политехникалық колледжі» МКҚК кәсіптік-техникалық білім беруде 61 жылдық тарихымен көш бастап келе жатқан, білімді де білікті ұстаздар қызмет атқаратын, кәсіби маман даярлауда тәжірибесі мол, іргелі оқу орындарының бірі. Мұндағы басым бағыттың бірі еңбек нарығына қажетті шағын кәсіпкерлікке және ауыл шаруашылығына қажет мамандар даярлау болып табылады. Колледж қабырғасында сапалы маман даярлау үшін қажетті материалдық-техникалық база құрылып, интернет желісі және Wi-Fi нүктелерімен жабдықталған 2 оқу корпусы, 21 оқу ісбөлмелері, 6 зертханалық бөлмелер, шеберханалары талапқа сай жасақталған. 2 компьютерлік кабинетпен, 6 аудитория интербелсенді тақтамен, компьютермен, замануи аудио-видео құралдармен, жаңа үлгідегі оқулықтар қорымен жабдықталған 30 орындық кітапхана жұмыс жасауда.
Алыс ауылдардан келген білім алушылар жататын 240 орындық жатақханасы бар. Жатақханада жатып оқуға барлық жағдай жасалынған. 140 орындық колледж асханасы үнемі жұмыс істеуде.
Аталмыш колледждің негізі 1956 жылы Алматы облысы Шелек ауданы Малыбай ауылында механизация мектебі аясында қалыптасып, 1968 жылы механизация училищесі, 1974 жылы № 96 орта кәсіптік техникалық училище деп қайта жаңғыртылып Шелек селосына көшірілген, 1986 жылы Шелек ауылындағы №7 кәсіптік-техникалық училище, 1996 жылы Шелек ауылындағы №7 кәсіптік-техникалық мектеп, 2008 жылы Шелек ауылындағы «№7 кәсіптік лицейі» мемлекеттік мекемесі, 2013 жылғы 15 мамырдағы №138 қаулысы бойынша №7 кәсіптік лицей мемлекеттік мекемесі «Шелек политехникалық колледжі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді.
08.01.2016 жылдан бастап «Шелек политехникалық колледж » МКҚК-ның директоры лауазымына Дүйсебаев Қуат Құрманғалиұлы тағайындалды.
Өткен ғасырдың ортасынан бүгінгі күнге дейін колледж жыл сайын 150-ге жуық шағын кәсіпкерлікке және ауыл шаруашылығына қажет мамандар даярлайды. Олар:
- «Тамақтануды ұйымдастыру»
- «Дәнекерлеу ісі»
- «Автокөлікті пайдалану, жөндеу және қызмет көрсету»
- «Электржабдықтарына қызмет көрсету жөніндегі электромонтер»
- «Фермер шаруашылығы»
Сонымен қатар «Жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы негізінде «В», «ВС» категориялы жүргізушісі, «шаштараз» және жоғарыда аталған мамандықтар бойынша жергілікті жұмыспен қамту орталығымен бірлескен кадрларды қайта даярлау қысқа мерзімді курстары оқытылады.
Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы басты мақсаттардың бірі: «Қоғамның және экономиканың индустриялық – инновациялық даму сұраныстарына сәйкес техникалық және кәсіптік білім жүйесін жаңғырту, әлемдік білім беру кеңістігіне кіру». Осыған орай біздің алдымызда бүгінгі күні қоғам қажеттілігіне сай мамандарды даярлау міндеті тұр.